Жақында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай республикалық турнир болып өтті.

Жақында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай республикалық турнир болып өтті.  Taekwondo GTF бойынша бақ сынаған сайысқа облысымыздан таэквондодан ҚР бас төрешісі Кален Сұлтанғазин бастаған алты спортшы аттанды. Дүбірлі додаға Астана, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Орал, Семей, Қарағанды, Павлодар қалалары мен Ақтөбе облысы Қандыағаш, Алға аудандарынан барлығы 300-ден астам үміткер қатысты. Жарыстың бірінші күні жерлесіміз Балнұр Оркенова 28 келі салмақта қоржынымызға қос бірдей алтын медаль салды. Ал, 45 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Валерий Шраменко күміс жүлдеге ие болды.

-Балнұр бойындағы қайсарлығының арқасында азулы қарсыластарынан қаймықпай, жеңістің жоғарғы тұғырына көтерілді. Республикалық турнир болғандықтан мұнда кіл мықтылар ғана жиналған. Біз де аталмыш турнирге жеңіс жалауын желбіретуге келгенімізді айтып өткім келеді,- дейді Балнұрдың жеке бапкері Людмила Паршукова. Сондай-ақ, 23 келі салмақ дәрежесінде ағайынды Рамазан және Тәңірберген Сағындық, 30 келіге дейінгі салмақта Владислав Олейников қола жүлдені қанжығаға байлады. Турнирдің келесі күні де павлодарлықтар үшін сәтті болды. Өз кезегінде 48 келі салмақта Әлім Амангелді тәжірибелі қарсыластарынан басым түсіп, екі алтыннан алқа тақты.  

 

Источник